Кино • 13 Шілде, 2018

 «Еуразия» кинофестивалінде Қазақстан режиссерлерінің бағы жанбады

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық киноөндірісті дамыту, бүкіл әлем бойынша нөмірі бірінші өнер ретінде жер-жаһанды жаулаған кино тілімен мәдени және ұлттық мүддені жүзеге асыру, Еуро­па және Азия кинематографтары арасындағы кинобизнесті өркендету мақсатында ұйымдас­тырылған «Еуразия» кинофестивалі халықаралық қоғамдастық алдында еліміздің оң имиджін қалыптастыруда зор маңызға ие. Орталық Азиядағы ең ірі әрі бас­ты кинофестиваль болып отырған бұл халықаралық мәдени шараның мәртебесі бүгінде Канн, Венеция, Берлиндегі кинобәйгелерден кем аталмайды.

 «Еуразия» кинофестивалінде Қазақстан режиссерлерінің бағы жанбады

Өйткені Астанадағы бай­қау­дың басқа бәйгелермен салыс­тырғандағы негізгі ерекшелігі – ұлттық идеясы айқын танылған фильмдерге басымдық беру, өн бойынан тек сол халыққа тән өзін­дік өмір салты мен рухани құн­дылығы көрінген картиналарды екшеп шығару. Бір аптаға созылған бәйгеде мұндай талап үдесінен шыққан шымыр туындылар аз болған жоқ.

XIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас­­па­сөз қызметінің мәліметіне сү­йен­сек, биылғы бәйгенің кон­курстық және конкурстан тыс бағ­дарламасына 1000 өтінім келіп түскен. Орталық Азияны қосқанда, күллі әлемнен конкурсқа – 12 толық метражды картина, қысқа метражды фильмдердің конкурсына – 36 картина, «Керуенге» – 9 картина, «Еуразия жүрегінде» конкурсына – 9 картина, «НЕТПАК таңдауына» – 3 картина, «Бүкіл әлемде» конкурсына – 10 картина, «Ерекше оқиғаға» – 7 картина, «Объектив» деректі кино бағдар­ламасына – 12 деректі фильм келіп түсіп, конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаға барлығы 98 картина қатысқан. Оның ішінде 21 фильм – Қазақстан өнімі.

Биылғы кинофестивальдің құрмет­­ті қонақтарының сапын­да әйгілі француз актёрі Вен­сан­ Кассель, югослав және сер­­­­бия­­лық кинорежиссёр, актер­ Эмир Кустурица, «Айка» фильмін­­­дегі рөлі үшін 71-Канн кино­фестивалінің «Үздік әйел актриса» сыйлығын иеленген Самал Ес­лямова, ресейлік театр және кино актрисасы Равшана Куркова, ресей­лік театр және кино режиссері Сергей Пускепалис пен Анна Ме­ликян, өзге де кино жұлдыздар, ха­лықаралық кинофестивальдердің жетекшілері, Еуропа, Азия, Африка, Америкадағы кино саласының бел­гілі сарапшылары мен сыншылары, мәдениет қайраткерлері болды. Франция, Сербия, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран, АҚШ, Өз­бекстан, Ресей, Жапония, Қытай, Гонконг, Үндістан, тағы басқа шет мемлекеттерден келген делегациялар құрамындағы 160 әлемдік кино өнерінің майталмандары Астананың 20 жылдық мерейтойына қатысып, ұлттық мәдениетіміз бен өз ажары қалып­тасқан кино өнерімен танысудың мүмкіндігіне кенелді. Апта бойы XIV халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне үкілеп қосқан әр фильмді үмітпен тамашалап, бейтаныс елдердегі киноның дамуы мен деңгейіне өз бағасын беріп, ой түйді.

Орталық концерт залында өткен жабылу салтанатында қазылар алқасы жеңімпаздардың есімін жариялады. Бірден айта кету керек, биылғы бәйгеде Қазақстан картиналары мен режиссерлерінің бағы жанбады. Негізгі конкурс бойынша Гран-при режиссер М.Гарель Вайстың «Сауық кеші аяқталды» фильміне (Франция) берілді. «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесін «Ага» фильмі үшін Милко Лазаров (Болгария, Германия, Франция) иеленді. «Қазылар алқасының арнайы сыйлығын» екі фильм: режиссер Мария Хатчанидің (Грузия) «Ана» («Деде») фильмі мен оңтүстіккореялық режиссер Хидже Джонгтің «Автостоп қуушы» фильмі жеңіп алды. Ал Өзбекстан киносының бүгінгі жарық жұлдызы актер Карим Мирхадиев «Қайсарлық» фильмін­дегі рөлі үшін «Үздік ер адам» атанса, «Үздік әйел бейнесі» «Анна соғысындағы» рөлі үшін ресейлік Марта Козловаға бұйырды.

Қысқа метражды фильмдердің конкурсындағы Гран-примен режиссер Суборна Сенжутидің (Үндістан, Бангладеш) «Балықтар монологы» фильмі және «Қазыл­ар алқасының арнайы назары» жүл­десімен режиссер Игорь Поп­лаухиннің «Күнтізбе» фильмі марапатталса (Ресей), «НЕТПАК таңдауы» режиссер Е.Стишковтың (Ресей-Қырғызстан-Польша) «Сүлеймен тауы» фильміне және ФИПРЕССИ таңдауы да Е.Стиш­ковтың «Сүлеймен тауы» фильміне түсті.

Сондай-ақ «Кинонарық» ая­сында 3 шілде күні Еуразия Жо­балар Нарығы өз жұмысын аяқ­тады. Бұл жобаға 31 сценарий келіп түсті, оның ішінен әрі қарай конкурста бақ сынау үшін 10 сценарий іріктелді. Кинофестиваль аясында 2-EurasiaFilmMarket кино нарығы өтті. Оған 70 кинокомпания қатысты. Оның 30-ы шетелдік болса, қалған 40-ы қазақстандық компания. Еуразия жоба нары­ғының қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылар арасынан екі басты сыйлықты анықтады. NewYorkFilmAcademy, яғни Америка киноакадемиясына екі айлық тағылымдамадан өту сыйлығы «Ыстық күн, салқын сыра» (Әмір Әменов, Қазақстан) мен «Жалғыз қайың» (Дальмира Тілепберген, Қырғызстан) жобаларына берілді. Екінші сыйлық – «Еуразия» ХКФ-нің делегация­сымен бірге «А» санатындағы кинофестивальға бару «Шекара» (Асхат Кучинчиреков, Қазақстан) фильміне бұйырды. Бұдан бөлек, қазылар алқасы «Альчики» (Артур Веэбер, Қырғызстан-Ресей) жобасын да ерекше атап өтті. Сондай-ақ XIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында отандық кинематографияның заң жобасы талқыланған дөңгелек үстел өтті.

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»